11 ҚАЗАН, 2024
ИСПАНИЯ
Еуропалық Соттың Жоғарғы Палатасы Ехоба куәгерлерінің ем таңдау құқығын жақтайды
Сот “Пиндо Мулья Испанияға қарсы” ісі бойынша бірауыздан шешім шығарды
2024 жылдың 17 қыркүйегінде Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың Жоғарғы Палатасы науқастың өз сенім-нанымдарына сай медициналық ем таңдау құқығы бар екенін әрі оны құрметтеу керектігі жайлы бірауыздан шешім шығарды. Бұл маңызды шешім науқастың медициналық ем таңдау құқығын сыйлауға тек Испанияны ғана емес, Еуропа Кеңесінің мүшелері болып табылатын 46 мемлекеттің бәрін міндеттейді.
2018 жылы маусымда 47 жастағы Роса Пиндо Мулья бауырлас күрделі емес ота жасату үшін Мадридтегі (Испания) ауруханаға жатқан болатын. Ол “Өз еркін білдіру мен сенімхат” деген медициналық құжатты дәрігерлерге көрсетіп, жеке сенім-нанымы мен Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына сай қан құюдан бас тартатынын түсіндірген еді (Елшілердің істері 15:28, 29). Аурухана қызметкерлері Росаның айтқандарын медициналық құжатына енгізеді. Бірақ кезекші судья Росаға айтпастан, дәрігерлерге оған күрделі ота жасауға және қан құюға рұқсат береді. Отадан соң Роса қан құюдан бас тартамын деп анық айтқанына қарамастан, дәрігерлер өзіне қан құйғанын естігенде, төбе шашы тік тұрады.
“Пиндо Мулья Испанияға қарсы” ісі бойынша шығарған шешімінде Жоғарғы Палатаның 17 судьясы “әрекетке қабілетті ересек науқастың” кейбір медициналық ем түрінен “бас тартуға құқылы екенімен” бірауыздан келісті. Сот сондай-ақ “науқастың қандай да бір емге келісуге не одан бас тартуға құқығы бар екенін әрі осы құқығын құрметтеу — денсаулық сақтау саласының басты принципі екенін” растады.
Бірлігі жарасқан дүниежүзілік бауырластар болып бәріміз соттың осы шешіміне қуаныштымыз. Бұл шешім Пиндо Мулья бауырластың ғана емес, басқа да миллиондаған адамның жеке сенім-нанымдары мен құндылықтарына қайшы келмейтін медициналық ем түрін таңдау құқығын жақтайды.