Ехоба куәгерлері Құдайға құлшылықтарын атқаруды қалай үйренеді?
Ехоба куәгерлері Құдайдың қызметшілері ретінде өмірлерінің барлық саласына қатысты, соның ішінде уағыз ісін атқару үшін, білім алып отырады. Бұл іске жұртшылыққа Құдайдың жақсы хабарын жеткізіп, тәлім беру жатады. Осы істі Иса пайғамбар өз ізбасарларына аманаттаған (Матай 24:14; 28:19, 20). Біз сол білімді апта сайын өтетін кездесулерімізде, жыл сайын өтетін жиындарымызда аламыз. Ал ұйымымызда белгілі бір міндеттер атқаратын Ехоба куәгерлері Киелі кітапқа негізделген арнайы мектептерде қосымша білім алады.
Бұл мақалада
Ехоба куәгерлері қандай білім алады?
Қауым кездесулері. Апта сайын біз “Патшалық сарайы” деп аталатын ғибадат орындарында екі рет бас қосамыз. Бір кездесу әдетте аптаның ішінде, ал екіншісі демалыс күндері өтеді. Келемін деушілердің бәріне есік ашық, ешқандай ақша жиналмайды.
Аптаның ішінде өтетін кездесу. Бұл кездесуде біз оқу, пікірлесу, көпшіліктің алдында сөйлеу, уағыздау мен тәлім беру жағынан жақсаруды үйренеміз. Бұл білім бізге өзгелерге Құдай Сөзіндегі хабарды жақсылап жеткізуге, қызығушылығы оянған адамдармен Киелі кітапты сапалы зерттеуге көмектеседі. Ең бастысы, қауым кездесулеріміз Құдай Тағалаға деген сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді өсіреді, діндес бауырларымызды әрдайым жақсы көруді үйретеді.
Демалыс күндері өтетін кездесу. Бұл кездесу екі бөліктен тұрады. Біріншісінде көпшілікке арнап Киелі кітапқа негізделген баяндама оқылады. Ал екінші бөлігінде “Күзет мұнарасы” a журналында жарық көретін мақалалар сұрақ-жауап түрінде талқыланады. Мақалаларда Киелі кітаптағы тақырыптар, уағыз ісіміз бен жеке өмірімізге көмегі тиетін принциптер қозғалады.
Аудандық және аймақтық жиындар (конгрестер). Әр жылы бізде үш үлкен жиын өтіп тұрады, оларға көп қауым қатысады. Қуанышқа толы осы жиындардың Киелі кітапқа негізделген нақты бір тақырыбы болады. Сондай-ақ оларда баяндамалар, қойылымдар, сұхбаттар болады, видеолар көрсетіледі. Қауым кездесулері секілді, аудандық және аймақтық жиындар да Киелі кітап туралы білімімізді ұштайды, Құдайдың хабарын уағыздаушы әрі тәлім беруші ретінде жақсаруымызға көмектеседі. Бұл жиындарымыздың да есігі бәріне ашық, ешқандай ақша жиналмайды.
Киелі кітапқа негізделген мектептер
Білімдерін жетілдіре түсу үшін кейбір Ехоба куәгерлері Киелі кітапқа негізделген әртүрлі мектептерге шақырылады. Бұлар қандай мектептер? Олардың мақсаты мен ұзақтығы қандай? Оларға кімдер бара алады?
Ізашарлық қызмет мектебі
Мақсаты: Ізашарлар b деп аталатын толық уақытты қызметшілерді уағыздау мен тәлім беру ісінде шыңдала түсуге үйрету. Бағдарламаға оқушылармен бірге талқылау, көріністер, баяндамалар мен тәжірибелік сабақтар енген.
Ұзақтығы: алты күн.
Шақырылатындар: Бір жыл ізашар болып қызмет еткен жариялаушылар шақырылады. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері ізашар болып қызмет етіп жүрген, бірақ соңғы бес жылда осы мектепте оқымаған жариялаушылар қайта шақырылуы мүмкін.
Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп
Мақсаты: Толық уақытты тәжірибелі қызметшілерге арнайы білім беру. Мектепте оқитындар уағыздау мен тәлім беру қабілеттерін жетілдіре түседі, Киелі кітаптағы тақырыптарды терең зерттейді. Мектепті бітіргендердің көбісі уағыздаушыларға қажеттілік көбірек жерлерге барады.
Ұзақтығы: екі ай.
Шақырылатындар: Белгілі бір талаптарға сай келетін және қажеттілік бар жерде қызмет етуге жағдайы келетін ізашарлар осы мектепте оқуға өтініш толтыра алады.
Қауым ақсақалдарына арналған мектеп
Мақсаты: Ақсақалдарға c қауымдағы тәлім беру, бақташылық сапар жасау сияқты жауапкершіліктерін атқаруға көмектесу және олардың Құдайға және діндес бауырларына деген сүйіспеншіліктерін арттыру (Петірдің 1-хаты 5:2, 3).
Ұзақтығы: бес күн.
Шақырылатындар: Жаңадан ақсақал болып тағайындалғандар және соңғы бес жылда осы мектепте оқымаған ақсақалдар шақырылады.
Аудандық бақылаушылар мен әйелдеріне арналған мектеп
Мақсаты: Аудандық бақылаушылар d деп аталатын аралаушы қызметшілерге өз міндеттерін сапалы атқаруды үйрету (Тімөтеге 1-хат 5:17). Мектеп бағдарламасы осы ақсақалдар мен олардың әйелдеріне Жазбаларды тереңірек түсінуге де көмектеседі.
Ұзақтығы: бір ай.
Шақырылатындар: Жаңа аудандық бақылаушылар мен әйелдері қызметтерін бір жыл атқарған соң шақырылады. Сосын олар әрбір бес жыл көлемінде шақырылып тұрады.
Патшалық қызмет мектебі
Мақсаты: Ақсақалдар мен қызмет көмекшілеріне e қауымдағы жауапкершіліктерін соңғы жағдайларды, өзгерістер мен қажеттіліктерді есепке ала отырып атқаруға көмектесу (Тімөтеге 2-хат 3:1). Мектеп бірнеше жылда бір рет өткізіледі.
Ұзақтығы: әртүрлі, көбінесе бір күн.
Шақырылатындар: Аудандық бақылаушылар, ақсақалдар мен қызмет көмекшілері.
Бетелдік қызмет мектебі
Мақсаты: Бетел f отбасының мүшелеріне өз қызметтерін табысты атқаруға көмектесу және олардың Құдайға және бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін нығайту.
Ұзақтығы: бес жарым күн.
Шақырылатындар: Бетелдің жаңа мүшелерінен қатысу талап етіледі. Сондай-ақ Бетел отбасының соңғы бес жылда осы мектепте оқымаған ұзақ жыл қызмет етіп жатқан мүшелері қайтадан шақырылуы мүмкін.
Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебі
Мақсаты: Студенттерге Құдай Сөзін терең түсініп, оны одан сайын сүюге және білгендерін өмірде қолдануға көмектесу (Салоникалықтарға 1-хат 2:13). Ғалақат мектебінде оқыған Құдайдың адал қызметшілері Ехобаның ұйымы мен дүниежүзілік Киелі кітаптық ағарту ісінде көбірек қолғабыс ете алады. Мектепті бітірген соң олардың кейбірі өз елдеріне не басқа елге миссионер ретінде не филиалда қызмет етуге тағайындалуы мүмкін.
Ұзақтығы: бес ай.
Шақырылатындар: Филиал арнайы таңдалған толық уақытты қызметшілерге мектепке өтініш толтыруды айтады. Мектеп Құрама Штаттарда, Паттерсондағы (Нью-Йорк) Күзет мұнарасының білім орталығында өтеді.
Филиал комитетінің мүшелері мен әйелдеріне арналған мектеп
Мақсаты: Филиал комитетінің g мүшелеріне филиалда атқарылатын істерге және Ехоба куәгерлерінің сол елдегі не филиалдың қарамағындағы басқа елдердегі рухани іс-шараларына жетекшілік етуді үйрету.
Ұзақтығы: екі ай.
Шақырылатындар: Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасы арнайы таңдалған филиал комитеттерінің мүшелері мен әйелдерін мектепке шақырады. Мектеп Паттерсондағы (Нью-Йорк) Күзет мұнарасының білім орталығында өтеді.
Куәгерлердің алатын білімі неге негізделеді?
Ехоба куәгерлерінің біліміне негіз болатын басты оқулық — Киелі кітап. Біз бұл кітапты Құдай жаздырғанына және оның ішінде Құдайдың қызметшілері үшін өмірлерінің барлық саласына қатысты ең жақсы тәлім-тәрбие бар екеніне сенімдіміз (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17).
Олардың алатын білімдері ақылы ма?
Жоқ. Оларға білім тегін беріледі. Ехоба куәгерлерінің іс-шаралары ерікті садақаның демеуімен жүргізіледі (Қорынттықтарға 2-хат 9:7).
a Киелі кітап пен оны зерттеуге арналған құралдар, соның ішінде видеолар да, jw.org сайтымызда қолжетімді.
b Ізашар — шомылдыру рәсімінен өткен үлгілі ер не әйел Ехоба куәгері. Олар Киелі кітаптағы хабарды басқа адамдарға айту үшін ай сайын белгілі бір сағат мөлшерін жұмсауды мақсат етеді.
c Ақсақалдар — рухани жағынан толысқан мәсіхші ер кісілер. Олар Киелі жазбаларға сүйеніп тәлім береді. Сондай-ақ олар Құдайдың халқын бағып-қағады, яғни оларға көмектесіп, жігер береді. Бұл қызметтері үшін олар ақы алмайды.
d Аудандық бақылаушы — Құдайдың толық уақытты қызметшісі. Ол апта сайын өз ауданындағы әртүрлі қауымдарға сапар жасайды. Ол қауымдағы бауырластарды Киелі кітапқа негізделген баяндамалар айтып және олармен уағызға шығып жігерлендіреді.
e Қызмет көмекшілері қауымдағы жариялаушыларға көмектесу үшін әртүрлі тапсырмалар атқарады. Осының арқасында ақсақалдардың тәлім беруге және бақташылық жасауға уақыттары болады.
f Ехоба куәгерлерінің филиалдары “Бетел” деп аталады. Онда қызмет ететін толық уақытты қызметшілер жергілікті филиалдың аумағындағы Ехоба куәгерлерінің іс-шараларына қолдау көрсетеді.
g Филиал комитетінің мүшелерін рухани жетілген үш не одан көп ер адам құрайды.