Өмірдің мәні неде?
Киелі кітаптың жауабы
Адамдар өмірдің мәнін іздеп, “өмірге не үшін келдік, не үшін өмір сүреміз” деп ойланып жатады. Киелі кітапта өмірдің мәні — Құдаймен дос болу екені айтылған. Қазір Киелі кітаптағы негізгі шындықтардың кейбіріне тоқтала кетейік:
Бізді жаратқан — Құдай. Киелі кітапта мынадай сөздер бар: “Бізді жаратқан — сол [Құдай], өзіміз емес” (Зәбүр 100:3; Аян 4:11).
Құдай бәрін де, оның ішінде бізді де, белгілі бір мақсатпен жаратты (Ишая 45:18).
Құдай адамдарды “рухани мұқтаждықпен” жаратқан. Бұған өмірдің мәнін табу қалауымыз да жатады (Матай 5:3). Сондай-ақ ол біздің осы мұқтаждықты қанағаттандырғанымызды қалайды (Зәбүр 145:16).
Рухани мұқтаждығымызды Құдаймен достық қарым-қатынаста болу арқылы қанағаттандыра аламыз. Кейбір адамдар үшін Құдаймен дос болу мүмкін еместей көрінер. Бірақ Киелі кітап бізді мынаған шақырады: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8; 2:23).
Құдайдың досы болу үшін оның бізге қатысты ниетіне сай өмір сүруіміз керек. Оның бізге қатысты ниеті Киелі кітапта былай түсіндіріледі: “Құдайдан қорқып, бұйрықтарын орында, себебі адам баласының бар парызы — осы” (Уағыздаушы 12:13).
Болашақта Құдай қайғы-қасіретті жоқ қылып, өзіне ғибадат ететін достарына мәңгі өмір сыйлайды. Сол кезде Құдайдың адамзатқа қатысты түпкі мақсаты жүзеге асады (Зәбүр 37:10, 11).