ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Ана сүті
Әйелдерді босандыратын кісілерге арналған бір еңбекте былай делінген еді: “Нәрестелерге арналған жасанды сүт ана сүтін ешқашан да толығымен алмастыра алмайды”. Ананың ағзасы сүттің құрамын нәрестенің қажетіне қарай өзгертіп тұрады. Ана сүтінің бала үшін таптырмас азық болуының бір себебі де — осы.
Көңіл қоярлық жайттар. Ана нәрестесін әр емізгеннің өзінде сүттің құрамы өзгеріп отырады. Басында сүт ақуыздарға, дәрумендерге, минералдарға және суға толы болады. Ал бала сүтті еміп біте берген кезде оның май мөлшері көбейеді. Осылайша бала тойғанын сезеді. Ана сүті тіпті сәбидің жасы мен жыл мезгіліне қарай өзгеріп тұрады.
Ана сүтінде мелатонин сияқты кейбір гормондар түнде, ал басқалары күндіз көбірек бөлінеді. Күннің әртүрлі уақытында бөлінетін бұл гормондар баланы не ұйықтатады, не ояу етеді. Осылайша балада өз уақытында ұйықтап, өз уақытында оянатын әдет қалыптасады.
Бала жарық дүниеге шыр етіп келгеннен кейін, бірнеше күн бойы ананың сүті сарғыш боп келеді. Оның атын колострум деп атайды. Колострум оңай сіңеді әрі ол қоректік заттарға толы. Сондықтан сәбидің тип-титтей ғана асқазанына түскен оның аз ғана мөлшерінің өзі оған көп пайдасын әкеледі. Колострум маңызды антиденелерге бай. Осылайша ол нәрестені инфекциялардан қорғай алады. Ол — ол ма, колострумның іш айдайтын қасиеті бар. Соның арқасында жаңа туған сәбидің ас қорыту жүйесі тазаланып отырады.
Тіпті егіз туған аналар балаларына сүт жетпей қалады деп уайымдамаса да болады, өйткені сүт баланың қажетіне қарай көбірек бөлініп отырады.
Сіз қалай ойлайсыз? Өзінің ерекше қасиеттері бар ананың сүті эволюцияның нәтижесі ме, әлде Құдайдың берген сыйы ма?