Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ішкі үрей мен сенімсіздік меңдегенде...

Ішкі үрей мен сенімсіздік меңдегенде...

ДҮНИЕ есігін жаңа ашқан сәбиден дәрменсіз жан жоқ шығар, сірә. Расында да, сәби ата-анасына толықтай тәуелді. Тәй-тәй басып жүре бастағанда, бөтен адамдар оның көзіне дәу алыптардай көрінеді. Сонда қорыққан балақай ата-анасына жармасады. Әкесінің я анасының қолынан ұстағанда ғана ол өзін қауіпсіз сезінеді.

Балалық шағында ол ата-анасының сүйіспеншілігі мен қолдауын ауадай қажет етеді. Олардың сүйіспеншіліктерін сезінгенде, көңілі тоқ жүреді. Ата-анасы мақтап, арқасынан қаққанда, ол өз-өзіне сенімді бола түсіп, жетістіктерге қол жеткізеді.

Ес жинай келе бала өзіне достар тауып, олардың арқасында бойына қосымша сенімділік ұялай бастайды. Досының қасында жайбарақат сезініп, мектеп қабырғасында өзін сенімді ұстайды.

Әрине, бұл — мінсіз балалық шақтың сипаттамасы. Өкінішке орай, кейбір балалар өздеріне нағыз дос таба алмайды. Ата-анасының жылулығына жарымай өсетіндер де аз емес. “Ынтымағы жарасып, бірігіп бір нәрсемен айналысып жатқан отбасылардың суреттерін көргенде, ішімнен “кішкентайымда осының рақатын көргенімде ғой...” деп қынжыламын”,— дейді Мөлдір *. Бәлкім, сіз де өзіңізді осылай сезінген боларсыз.

ҚИЫН БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ӘСЕРІ

Бәлкім, жеткіншек шағыңызда сізге өзіңізге деген сенімділік жетіспеген шығар. Я болмаса қажетті сүйіспеншілік пен қолдау сезінбеген боларсыз. Мүмкін ата-анаңыздың ұрыс-керісінен көз ашпай, ақырында ажырасқанын көріп, жаңсақ оймен өзіңізді кінәлі санаған боларсыз. Сірә, ата-анаңыз сізді сөзімен не ісімен қорлаған да болар.

Осындай ортада өсіп жатқаны балаға қалай әсер етеді? Біреулері есірткіге ұрынады немесе жасөспірім кезінен ішімдікке салына бастайды. Өзгелері өздерін керекті сезіну үшін бұзақы топтарға қосылады. Басқалары сүйіспеншілік пен жылулықты аңсап, ерте жастан романтикалық қарым-қатынас бастайды. Бірақ мұндай қарым-қатынас көбінесе ұзаққа бармайды. Сөйтіп, жастардың жүрегі жараланып, ішкі үрейі одан бетер үдей түседі.

Мұндай қақпандарға түспесе де, кейбір сезімтал келетін жасөспірімдерге өзін құрметтеу сезімі жетіспейді. Анна былай дейді: “Мен өзімді түкке тұрғысыз санайтынмын, себебі анам менен түк пайда жоқ екенін қайта-қайта айта беретін. Оның мені мақтап, жақсы көретінін көрсеткені есімде емес”.

Іштегі үрей мен сенімсіздік қиын балалық шақтың кесірінен ғана болмайды. Бұған ажырасудың азабы, кәріліктің салдары немесе тіпті түр-келбетімізге риза болмау да себеп болуы мүмкін. Неден пайда болса да, мұндай жағымсыз сезімдер бізді қуаныштан айыруы және басқалармен қарым-қатынасымызды бұзуы мүмкін. Олай болса, жағымсыз сезімдермен күресу қолымыздан келе ме?

ҚҰДАЙ ҚАМЫМЫЗДЫ ОЙЛАЙДЫ

Жағымсыз сезімдермен күресте жалғыз емес екенімізді білу маңызды. Әрқайсысымызға көмектескісі келетін қамқоршымыз бар, ол — Ехоба Құдай.

Өзінің пайғамбары арқылы ол былай дейді: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін, Әділдігіме сай, оң қолыммен сүйемелдеймін” (Ишая 41:10, 13). Ойлап көріңізші, Құдай бізді, былайша айтқанда, қолымыздан ұстап, демегісі келеді! Бізге қорқудың еш қажеті жоқ!

Киелі кітапта Құдайға ғибадат еткен кейбір адамдардың жантыныштығын жоғалтып, бірақ кейіннен Құдайға арқа сүйеуді үйренгені туралы айтылған. Мысалы, ежелдегі Самуил пайғамбардың анасы Ханнаны алайық. Бойына бала бітпегендіктен, ол өзін ең сорлы әйелдей сезінген. Бедеулігі үшін ол келеке-мазаққа қалатын. Ақыры, оның тамаққа да тәбеті болмай, көз жасы құрғамайтын болды (Самуилдің 1-жазбасы 1:6, 8). Дегенмен Құдай алдына барып, бар шерін тарқатқан соң, ол өзін бұдан былай соры қайнаған жандай сезінбейтін болды (Самуилдің 1-жазбасы 1:18).

Дәуіт пайғамбардың да мазасы қашқан кездері болды. Бірнеше жыл бойы Саул патша оның жанын алғысы келіп, ізіне түскен. Бір емес, бірнеше рет өлім аузынан қалған Дәуіт өзін қиыншылыққа белшесінен батқандай сезінетін (Зәбүр 55:3—5; 69:1). Сонда да ол: “Тыныш жатып, тыныш ұйықтаймын: Өзің ғана, уа, Ехоба, маған қауіпсіз өмір сыйлайсың!”— деп жырлаған (Зәбүр 4:8).

Ханна мен Дәуіт еңселерін басқан ауыртпалықтарын Ехобаға артқан әрі Құдайдың оларды қалай қолдап, демегенін көрген (Зәбүр 55:22). Ал бүгінде қалай біз Құдайдың көмегіне жүгіне аламыз?

ІШКІ ҮРЕЙ МЕН СЕНІМСІЗДІКПЕН КҮРЕСУДІҢ ЖОЛДАРЫ

1. Ехоба Құдайды қамқор Әкеңіздей көріп, сенім артуды үйреніңіз.

Иса пайғамбар өзінің рухани Әкесі, “жалғыз шынайы Құдайды танып-білуге” шақырған (Жохан 17:3). Ал Пауыл деген Құдай қызметшісі “ол әрқайсысымыздан алыс емес” екенін жазған (Елшілердің істері 17:27). Тағы бір Киелі кітап жазушысы: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деп жазып кеткен (Жақып 4:8).

Бізді сүйетін және қамымызды ойлайтын Әкеміздің бар екенін білу — уайыммен күресудің ең маңызды жолы. Құдайға сенім арта бастау үшін біраз уақыт қажет екені рас, алайда мұның шынымен де көмек болатынына көбісінің көзі жеткен. Мысалы, Қарлығаш былай дейді: “Ехоба мен үшін Әкемдей болғанда, оған жүрек түкпіріндегі сезімдерімді ақтара алатын болдым. Сонда иығымдағы ауыр жүктен құтылғанымды сездім!”

Ал Рано былай дейді: “Ата-анам кетіп қалып, бір өзім қалғанда жалғыз арқа сүйерім Ехоба болды. Мен оған уайымымды айтып, қиындықтарымды көтеруге көмектесуін сұрайтынмын. Ол маған шынымен көмектесетін” *.

2. Құдай халқының арасынан рухани бауырлар таба аласыз.

Иса пайғамбар ізбасарларын бір-біріне бауырлардай қарауға үйреткен. “Сендер өзара бауырлассыңдар”,— деді ол (Матай 23:8). Ол өзінің шынайы ізбасарларының бір-бірін жақсы көріп, үлкен бір отбасындай қарым-қатынаста болғанын қалаған (Матай 12:48—50; Жохан 13:35).

Ехоба куәгерлерінің қауымдарында барлығы шын жүректен мейірімділік пен жанашырлық танытуға күш салады (Еврейлерге 10:24, 25). Көп адам олардың жан жарасына қауым кездесулерінің шипа боларлық әсері бар екенін байқаған.

Мысалы, Лаура былай деп есіне алады: “Ехоба куәгерлерінің жергілікті қауымында менің жан қайғымды түсінетін сырлас досым болды. Құрбым мені тыңдайтын, кітап оқып беретін, бірге дұға ететін. Мені ешқашан жалғыз қалдырмайтын. Ол мені ішімдегіні ақтарып айтуға талпындыратын. Оның арқасында менің жаным жай тапты”. Ал Рано былай дейді: “Мен қауымда “ата-ана” таптым. Олардың жанында өзімді қауіпсіз әрі керек сезіндім”.

3. Өзгелерге сүйіспеншілік пен мейірімділік танытыңыз.

Өзгелерге сүйіспеншілік пен мейірімділік танытсақ, жақсы достар таба аламыз. Иса пайғамбар айтпақшы, “алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Неғұрлым көп сүйіспеншілік танытсақ, соғұрлым көп сүйіспеншілікке бөленеміз. “Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді”,— деді Иса шәкірттеріне (Лұқа 6:38).

Пейілін кең жаятын адам өзгелердің сүйіспеншілігіне бөленіп, жантыныштығын сезінеді. Киелі жазбаларда айтылғандай, “сүйіспеншілік еш сарқылмайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:8). “Өзім туралы жаман ойларымның жалған екенін түсінемін,— деп мойындайды Мәриям.— Өзім туралы ойлай бермей, басқаларға қол ұшын берген кезде бұл жаман ойлар бойымды билемейді. Басқаларға жақсылық жасағаным әрқашан қанағат сыйлайды”.

БӘРІМІЗДІҢ ЖАНЫМЫЗ ТЫНЫШ БОЛАТЫН ЗАМАН

Аталмыш жайттар әп-сәтте уайым-қайғыдан біржолата арылтпайтын шығар. Бірақ олардың зор көмегі тиетіні сөзсіз. Қарлығаш былай дейді: “Әлі де өз-өзіме сенімсіз болатын кездерім болады, бірақ қазір мен өзімді көбірек бағалауды үйрендім. Құдайдың қамымды ойлайтынын білемін және қол ұшын беруге дайын жақын достарым бар”. Рано да өзін осылай сезінеді. “Анда-санда көңілімді мұң басып кетеді. Ондай кезде жағдайға оң көзбен қарауға көмектесетін бір сенімдегі бауырластарым бар. Олар маған ақыл-кеңестерін береді. Ең бастысы, күн сайын жүрегімді ақтарып сөйлесе алатын көктегі Әкем бар. Осының арқасында әжептәуір жеңілдеп қаламын”.

Киелі кітапта айтылғандай, болашақта орнайтын жаңа дүниеде әрбіріміздің көңіліміз тоқ болады

Болашақта жағымсыз сезімдерден біржолата арылатын уақыт келеді. Киелі кітапта айтылғандай, болашақта орнайтын жаңа дүниеде әрбіріміздің көңіліміз тоқ болады. Онда Құдайдың мынадай уәдесі орындалады: “Әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отырады, Ешкім де оларды қорқытпайды” (Миха 4:4). Сол заманда ешкім де өзін қорғансыз сезінбейді, ешкім ешкімге зәбір көрсетпейді. Тіпті кезінде жазылмастай көрінген жан жарасы да “еске алынбайды” (Ишая 65:17, 25). Құдай мен оның рухани ұлы Иса Мәсіх орнатқан “шынайы туралықтың жемісі мәңгі жайбарақаттық пен қауіпсіздік” болады (Ишая 32:17).

^ 5-абзац Барлық есімдер өзгертілген.

^ 21-абзац Ехоба куәгерлері Құдайды жақыннан танып-білгісі келетіндерге тегін Киелі кітап сабақтарын өтуді ұсынады.