6-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
18-ӘН Төлемге ризашылық
Ехобаның кешіріміне шексіз ризамыз!
“Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті” (ЖОХ. 3:16).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехоба біздің күнәларымызды кешіру үшін не істегенін біліп, оған деген ризашылығымызды арттыру.
1, 2. Адамзаттың жағдайы мысалдағы жігіттің жағдайына қай жағынан ұқсас?
КӨЗ АЛДЫҢЫЗҒА мынадай жағдайды елестетіңізші. Бір жас жігіт бақуатты отбасында өседі. Бірақ бір күні күтпеген жерден әке-шешесі қайтыс болады. Бұл жағдай оны есеңгіретіп тастайды. Бұл аздай, ол әке-шешесінің бүкіл дүние-мүлкін шашып, қарызға белшесінен батқанын біледі. Осылай жігіт әке-шешесінен дүние-мүлік емес, қыруар қарызды “мұра етеді”. Қарыз берушілер де жігіттің алқымынан алып, қарызды тез қайтаруды талап етеді. Ал жігіттің бұндай үлкен қарызды төлеуге мүлдем дәрмені жоқ.
2 Біздің жағдайымыз да осы жас жігіттікіне ұқсайды. Түп ата-анамыз Адам мен Хауа кемелді болған және тамаша жұмақ бағында өмір сүрген (Мұс. 1-ж. 1:27; 2:7—9). Оларды мән-мағынаға толы мәңгі өмір күтіп тұрған еді. Өкінішке қарай, олар әсем жұмақтан да, мәңгілік өмірден де айырылып қалды. Сөйтіп, олар ұрпақтарына мұраға не қалдырды? Киелі кітапта: “Бір адам [Адам ата] арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады”,— делінген (Рим. 5:12). Адам атаның бізге бар қалдырғаны — күнә, ал күнәнің берері — өлім. Адам атадан мұра болып қалған күнәні қыруар қарызға теңеуге болады. Оны ешқайсымыз да өтей алмаймыз (Зәб. 49:8).
3. Неге күнәларымызды “қарызға” теңеуге болады?
3 Иса күнәні “қарызға” теңеген (Мат. 6:12, сілт.; Лұқа 11:4). Біз күнә жасағанда, Ехобаға қарыз болғандай боламыз. Сондықтан қарызды қайтару үшін, яғни күнәмізді өтеу үшін құн төлеуіміз керек. Егер бұл құн төленбесе, адам күнәсін тек өліп қана өтей алады (Рим. 6:7, 23).
4. а) Ешқандай көмек көрсетілмегенде, күнәкар адамдармен не болар еді? (Зәбүр 49:7—9) ә) Киелі кітаптағы “күнә” деген сөз нені білдіреді? (“ Күнә” деген қоршауды қараңыз.)
4 Адам мен Хауа жоғалтқан нәрселерді біз өз күшімізбен қайтара алар ма едік? Жоқ, ешқашан да (Зәбүр 49:7—9 оқыңыз). Бізге көмек көрсетілмегенде, болашақ өмірге де, қайта тірілуге де үміттене алмас едік. Осылай жануарлардан еш айырмашылығымыз болмас еді (Уағ. 3:19; Пет. 2-х. 2:12).
5. Адамнан мұра еткен күнәмізді өтеу үшін сүюші Әкеміз Ехоба не істеді? (суретті қараңыз.)
5 Мақаланың басындағы жас жігітке бір бай кісі келіп, “қарыздарыңды төлеп берейін” десе, ол не істер еді? Әрине, жігіт ол кісінің жомарттығына шексіз риза болып, көмегін қуана қабылдар еді. Осы жомарт кісі сияқты сүюші Әкеміз Ехоба Адам атадан мұра еткен күнәмізді өтеу үшін өте бағалы сый берді. Иса бұл жайлы былай деген: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жох. 3:16). Сондай-ақ бұл сый бізге Ехобамен дос болуға мүмкіндік береді.
6. Бұл мақалада қандай тіркестерді қарастырамыз және неге?
6 “Қарыздарымызды”, яғни күнәларымызды өтей алатын бұл тамаша сыйдың игілігін көру үшін не істеуіміз керек? Бұл сұраққа жауап беру үшін Киелі кітаптағы келесі тіркестерді қарастырып, мән-мағынасына үңілейік. Олар: татуласу, күнәні өтеу, төлем, құнын өтеп алу және әділ деп жариялану. Осы тіркестер жайлы ой жүгірткенде, Ехобаның бізді кешіру үшін жасаған шарасына ризашылығымыз артады.
МАҚСАТЫ: ТАТУЛАСУ
7. а) Адам мен Хауа тағы неден айырылды? ә) Адам мен Хауаның ұрпағы болғандықтан біз не істеуіміз керек? (Римдіктерге 5:10, 11)
7 Адам мен Хауа мәңгі өмірден ғана емес, Ехобамен бағалы достығынан да айырылды. Осылай оның жауына айналды. Күнә жасамай тұрып Адам мен Хауа Құдайдың балалары болатын (Лұқа 3:38). Бірақ Ехобаға мойынсұнбай қойғанда, олар енді Ехобаның отбасына жатпайтын болды. Бұл жағдай Адам мен Хауа балалы болмай тұрып болған еді (Мұс. 1-ж. 3:23, 24; 4:1). Сондықтан олардың ұрпағы да Құдайдың жауына айналды. Бұл деген сөз — біз Ехобамен дос болу үшін, онымен татуласуымыз керек (Римдіктерге 5:10, 11 оқыңыз). Бір еңбекке сай, осы тармақтағы “татуласу” деп аударылған грек сөзі “жаумен достасу” деген мағынаны да береді. Таңғаларлығы, бізбен татуласу үшін Ехобаның өзі бірінші болып қадам жасады. Қалайша?
ШАРА: КҮНӘНІ ӨТЕУ
8. Күнәні өтеу деген не?
8 Күнәні өтеу дегеніміз — Ехобаның күнәкар адамзатпен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін жасаған шарасы. Бұл тіркес қандай да бір заттың орнына құны бірдей басқа зат беруді білдіреді. Осылай жойылған нәрсе қайта қалпына келеді. Күнәміз өтелгеннің арқасында біз Ехоба Құдаймен татуласа аламыз (Рим. 3:25).
9. Исраилдіктердің күнәлары кешірілу үшін Ехоба қандай уақытша шара жасаған?
9 Исраилдіктердің күнәлары кешіріліп, олармен тату қарым-қатынаста болу үшін, Ехоба уақытша бір шара жасаған. Халық жыл сайын ерекше бір күнді атап өткен. Бұл күн Күнәні өтейтін күн деп аталған. Сол күні бас діни қызметкер халықтың күнәлары үшін құрбандыққа мал шалған. Әрине, адам жануардан анағұрлым жоғары болғандықтан, құрбандыққа ұсынылған жануарлар адамның күнәларын толық өтей алмады. Бірақ исраилдіктердің өкініп, Заңдағы талаптарға сай жүйелі түрде құрбандық шалғаны Ехобаға олардың күнәларын кешіріп отыруға негіз берген (Евр. 10:1—4). Бұған қоса, Күнәні өтейтін күні және басқа күндері шалынып отырған құрбандықтар исраилдіктерге өздерінің қаншалықты күнәкар екенін және күнәларын біржола өтейтін құрбандыққа мұқтаж екендерін еске салып тұрған.
10. Адамзаттың күнәлары біржола кешірілу үшін Ехоба не істеді?
10 Бірақ Ехоба адамзаттың күнәлары уақытша емес, біржола кешірілгенін қалады. Сондықтан ол “көптеген адамның күнәсін мойнына алып... өзін бір рет құрбан ету” үшін сүйікті Ұлын жіберді (Евр. 9:28). Иса жерге келіп, “көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде берді” (Мат. 20:28). Ал төлем деген не?
ҚҰН: ТӨЛЕМ
11. а) Киелі кітапқа сай, төлем деген не? ә) Төлемді қандай адам ғана бере алмақ еді?
11 Киелі кітапқа сай, төлем — күнәні өтеу үшін төленетін құн a. Ехоба күнәларымыз кешіріліп, бізбен татуласу үшін қандай да бір құн төленуін талап еткен. Ал Адам атаның жоғалтқан нәрселерінің құны қанша? Адам мен Хауа кемелді өмірден ғана емес, мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен де айырылды. Демек, төлем осы жоғалған нәрселерге парапар болу керек-тін (Тім. 1-х. 2:6). Сондықтан бұл құнды тек 1) кемелді, 2) жерде мәңгі өмір сүруге мүмкіндігі бар және 3) біз үшін өз өмірін құрбан етуге дайын ересек адам ғана төлей алмақ еді. Тек осындай адамның ғана өмірі түп ата-анамыз жоғалтқан өмірдің орнын толық баспақ еді.
12. Неліктен Иса қажетті құнды төлей алды?
12 Иса осы үш талапқа сай келгендіктен, қажетті құнды төлей алды. 1) Иса кемелді болды, “ол ешбір күнә жасаған емес” (Пет. 1-х. 2:22). 2) Күнә жасамағандықтан, оның жер бетінде мәңгі өмір сүруге мүмкіндігі болды. 3) Ол өз өмірін біз үшін құрбан етіп, өлуге дайын болды (Евр. 10:9, 10). Иса кемелді болғандықтан, күнә жасағанға дейінгі кемелді Адаммен тең еді (Қор. 1-х. 15:45). Сондықтан ол өз өлімі арқылы Адамның күнәсін өтей алды, яғни Адам жоғалтқан нәрсенің орнын толтырды (Рим. 5:19). Осылайша Иса “соңғы Адам” болды. Енді Адам ата жоғалтқан нәрсенің құнын төлеу үшін тағы бір кемелді адамның келуі қажет емес. Өйткені Иса “өзін бір рет құрбан етті”, яғни өмірін біржола қиды (Евр. 7:27; 10:12).
13. Күнәні өтеу мен төлемнің айырмашылығы қандай?
13 Сонымен, күнәні өтеу мен төлемнің айырмашылығы қандай? Күнәні өтеу деген — Құдайдың адамзатпен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру үшін жасаған шарасы. Ал төлем деген — күнәкар адамзаттың күнәсін өтеу үшін төленген құн. Иса өзінің бағалы қанын біз үшін төгіп, сол құнды төледі (Ефес. 1:7; Евр. 9:14).
НӘТИЖЕСІ: ҚҰНЫН ӨТЕП АЛУ ЖӘНЕ ӘДІЛ ДЕП ЖАРИЯЛАНУ
14. Қазір нені қарастырамыз және неге?
14 Күнәні өтеу шарасы қандай нәтиже әкелді? Оны көру үшін Киелі кітапта жазылған екі тіркесті қарастырайық. Ол тіркестер мағынасы жағынан бір-біріне ұқсас болғанмен, Ехобаның кешіріміне жол ашқан күнәні өтеу шарасының әртүрлі қырын ашады. Осы тіркестерді талдап, олардың жеке әрқайсысымызға қандай қатысы бар екенін де көрейік.
15, 16. а) Киелі кітаптағы “құнын өтеп алу” деген тіркес нені білдіреді? ә) Құнымыздың өтеп алынғаны бізді қандай сезімге бөлейді?
15 Киелі кітапта құнын өтеп алу деген тіркес құн төлеп, біреуді босатып не ақтап алуды білдіреді. Елші Петір бұған қатысты былай деген: “Сендер мынаны білесіңдер: ата-бабаларыңнан жеткен пайдасыз өмір салтынан күміс не алтын сияқты құрып жоқ болатын нәрселермен азат етілген жоқсыңдар, қайта, еш кемістігі жоқ әрі кіршіксіз тоқтының қаны іспетті Мәсіхтің аса бағалы қанымен азат етілдіңдер” [сөзбе-сөз “құндарың өтеліп алынды”] (Пет. 1-х. 1:18, 19, сілт.).
16 Төлем құрбандығының арқасында бізді азапқа салған күнә мен өлімнің езгісінен азат бола аламыз (Рим. 5:21). Ұлының қымбат қанымен құнымызды өтеп алғаны үшін Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңізші! Біз оған және оның Ұлы Исаға өмір бақи қарыздармыз (Қор. 1-х. 15:22).
17, 18. а) Әділ деп жариялану дегеніміз не? ә) Әділ деп жарияланудың игілігі қандай?
17 Әділ деп жариялану дегеніміз — бізге тағылған айыптардың алынуын және күнәларымыздың өшірілуін білдіреді. Бірақ Ехобаның бізді әділ деп жариялағаны ол өзінің әділ нормаларынан аттап кеткенін білдірмейді. Неге? Өйткені ол бізді лайық болғандығымыздан я күнәларымызға көз жұмғандықтан емес, күнәні өтеу шарасы мен төлемге сенім танытқанымыз үшін кешіреді (Рим. 3:24; Ғал. 2:16).
18 Әділ деп жарияланудың игілігі қандай? Исамен бірге көкте билік етуге таңдалғандар әділ деп жарияланып, қазірдің өзінде Құдайдың балалары деп аталады (Тит. 3:7; Жох. 1-х. 3:1). Олардың күнәлары кешіріліп, түгел өшірілгендіктен, олар Патшалықта билік етуге лайықты (Рим. 8:1, 2, 30). Ал жерде өмір сүруге үміттенетіндер Құдайдың достары ретінде әділ деп жарияланған, әрі олардың да күнәлары кешірілген (Жақ. 2:21—23). Армагеддоннан аман өтетін ұлы жамағат ешқашан өлмей, мәңгі өмір сүруге үміттене алады (Жох. 11:26). Ал өлім ұйқысында жатқан “әділдер” мен “әділетсіздер” қайта тірілетін болады (Ел. іс. 24:15; Жох. 5:28, 29). Ең ақырында жер бетіндегі Ехобаның мойынсұнғыш қызметшілерінің бәрі “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеді” (Рим. 8:21). Күнәні өтеу шарасының батасы қандай керемет еді: Әкеміз Ехобамен татулығымыз кемеліне жетіп, біз оның балалары атанамыз!
19. Жағдайымыз қалай жақсы жаққа өзгерді? (“ Ехобаның кешірімі” деген қоршауды да қараңыз.)
19 Мақаланың басындағы жігітке оралсақ, біз де бұрын тура сондай күйде едік. Қуанышымызға орай, Ехоба бізге көмекке келді. Күнәні өтеу шарасы мен төлемнің арқасында жағдайымыз түбегейлі өзгерді. Иса Мәсіхке деген сеніміміздің арқасында құнымыз өтеп алынып, күнә мен өлімнен азат болуға мүмкіндігіміз пайда болды. Сондай-ақ күнәларымыз түгелдей өшіріліп, кешірімге ие бола аламыз. Ең бастысы, қазірдің өзінде көктегі сүюші Әкеміз Ехобамен тату қарым-қатынаста болуға мүмкіндігіміз бар.
20. Келесі мақалада не қарастырамыз?
20 Ехоба мен Исаның біз үшін не істегені жайлы ой жүгіртсек, жүрегімізді ризашылық кернейді (Қор. 2-х. 5:15). Егер олар бізге көмекке келмегенде, ешқандай да үмітіміз болмас еді! Келесі мақалада Ехоба бізді қалай кешіретінін керемет сипаттайтын теңеулер қарастырамыз.
10-ӘН Құдайымыз Ехобаны мадақтайық!
a Кейбір тілдерде “төлем” деп аударылған сөз тура мағынада “өмір үшін төленетін құн” немесе “төленетін ақы” дегенді білдіреді.