Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Зорлық-зомбылық болмайтын кез келе ме?

Зорлық-зомбылық болмайтын кез келе ме?

Өзіңіз я жақыныңыз зорлық-зомбылықтың құрбаны болған ба? Бәлкім, алда бұған тап болудан қорқатын шығарсыз. Бүгінде зорлық денсаулыққа қауіп төндіріп отырған бүкіләлемдік өзекті мәселеге айналып отыр. Бірер мысалға назар аударайық.

ТҰРМЫСТЫҚ ЖӘНЕ ЖЫНЫСТЫҚ ҚОРЛЫҚ. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше, “әрбір үш әйелдің бірі өмірлерінде бір рет болса да бірге тұратын адамының тарапынан болған қол көтеру я жыныстық қорлық көрсету сияқты әрекеттерден зардап шеккен”. Өкінішке орай, “дүниежүзі бойынша әрбір бес әйелдің бірі зорлап кетудің я соған бағытталған әрекеттердің құрбаны болады деген болжам бар”.

КӨШЕ ҚЫЛМЫСЫ. Бір есепке сай, Құрама Штаттарда 30 000-нан аса қылмыстық топ әрекет етуде. Латын Америкасында әрбір 3 адамның 1-і ауыр қылмыстың құрбаны болғаны хабарланған.

АДАМ ӨЛТІРУ. Бір мәлімет көзіне сай, 2012 жылы жарты миллионға жуық адам өлтірілген, бұл соғыстарда қаза болғандардың санынан асып түседі. Оңтүстік Африка мен Орталық Америка кісі өлтіру қылмысының ең жоғарғы көрсеткішіне ие. Бұл орта есеппен алынған дүниежүзілік көрсеткіштен төрт есе көп. Бір жылда Латын Америкасында 100 000-нан аса адам, ал бір ғана Бразилияның өзінде 50 000-дай адам өлтірілді. Зорлық-зомбылық мәселесі біржола шешілетін кез келе ме?

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ ҚОЮҒА БОЛА МА?

Бүгінде қатыгездік неге кең тараған? Басқа да жайттарға қоса, бұған келесідей нәрселер себеп болып жатады: әлеуметтік және экономикалық теңсіздік салдарынан туындайтын араздық, басқалардың өміріне немкетті қарау, ішімдік пен есірткіге әуестену, балалардың ересек адамдардың бір-біріне қол көтеруіне куә болуы я солардың өзінен жәбір көруі және қылмыскерлердің жазадан оңай құтылуға болатындай әрекет етуі.

Қылмыспен күрескен кей елдердің біраз жетістікке жеткенін мойындағанымыз жөн. Мысалы, халқы тығыз орналасқан Сан-Паулу қаласында (Бразилия) соңғы он жылда кісі өлтіру көрсеткіші 80 пайызға азайған. Әйтсе де ол қалада ауыр қылмыстың барлық дерлік түрі өршіп тұр, ал кісі өлтіру көрсеткішін алсақ, 100 000 адамға 10 адамнан келеді. Сонда бұл мәселенің тамырына қашан балта шабылады?

Зорлық-зомбылық мәселесінің біржола шешілуі түптеп келгенде адамдардың көзқарасы мен жүріс-тұрысына байланысты. Ал қатыгез адамдар өзгеру үшін бойларындағы өркөкіректік, ашкөздік және өзімшілдіктің орнын сүйіспеншілік, құрмет пен қамқорлық басу керек.

Адамды осылай түбегейлі өзгерістер жасауға не талпындырады? Осы ретте Киелі кітапқа назар салайықшы:

Құдайды сүйіп, оған жақпай қалудан қорқатын болса, тіпті қатыгез адамның өзі өмірін өзгерте алады. Әңгіме сырт көзге ғана байқалатын өзгерістер емес, адам болмысының түбегейлі өзгеруі жайлы болып отыр. Бұл шынымен мүмкін бе?

Бірнеше қылмыстық іс бойынша соңғы 19 жылын Бразилиядағы түрмеде өткізген Алекстің * мысалын қарастырайық. Ол Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеген соң, 2000 жылы солардың қатарына қосылды. Алекс шынымен жақсы адам бола алды ма? Ол кезінде жасаған барлық жаман істеріне өкініп былай деді: “Ехоба Құдайдың мені шын жүректен кешіргенін біліп, оны жақсы көріп кеттім. Құдайға деген ризашылығым мен сүйіспеншілігімнің арқасында жақсы жаққа өзгере алдым”.

Сейзар есімді кісі де Бразилияда тұрады. Ол ұрлық пен қарулы тонау қылмысымен 15 жыл бойы айналысқан. Оған өзгеруге не көмектесті? Түрмеде жатқан кезінде ол Ехоба куәгерлерімен танысып, олармен Киелі кітап сабағын өте бастады. Сейзар былай дейді: “Менің Құдайға деген сүйіспеншілігім оянып, өмірім алғаш рет мән-мағынаға ие болды. Сондай-ақ мен Құдайдан қорқатын болдым. Құрметтен туындайтын бұл қорқыныш мені бұрынғы жаман істеріме оралудан сақтайды әрі Ехоба Құдайдың көңілінен шығуға талпындырады”.

Бейбіт дүниеде өмір сүру үшін не істеу керектігін білгіңіз келе ме?

Осы адамдардың мысалы бізге бір жайтты байқатады: Киелі кітаптың адамның көзқарасына ықпал етіп, өмірін түбегейлі өзгерте алатын күші бар (Ефестіктерге 4:23). Жоғарыда сөз етілген Алекс тағы былай дейді: “Киелі кітаптан білгендерім ой-санамды бірте-бірте шайып тазартқан таза су сияқты болды. Ол мені жаман ойлардан арылтты. Олардан өз бетімше ешқашан арыла алмас едім”. Расында да, санамызды Киелі кітаптың кіршіксіз таза сөзімен толтырсақ, сонда жатқан жаман ойларға орын қалмайды. Құдай Сөзінің ой-санамызды тазарта алатын күші бар (Ефестіктерге 5:26). Оған құлақ асқан адамдар қатыгез, өзімшіл болуды қойып, мейірімді де ынтымақшыл бола алады (Римдіктерге 12:18). Олар Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерді өмірлерінде қолдану арқылы жантыныштығына ие болады (Ишая 48:18).

240 елде тұратын сегіз миллионнан астам Ехоба куәгері зорлық-зомбылықты ауыздықтаудың бірден-бір жолын тапты. Әртүрлі ортадан шыққан және ұлты мен әлеуметтік деңгейі әртүрлі бұл адамдар Құдайды сүйіп, одан қорқуды әрі бір-біріне бауырмал болып, бір дүниежүзілік отбасы сияқты бірлікте өмір сүруді үйренді (Петірдің 1-хаты 4:8). Олар зұлымдықтан ада қоғам құру мүмкін екендігінің тірі дәлелі болып табылады.

ЗҰЛЫМДЫҚТАН АРЫЛАТЫН ЗАМАН ЖАҚЫН!

Киелі кітапта Құдайдың болашаққа қатысты керемет уәдесі жазылған. Ол жуырда жер бетін зұлымдықтан тазартпақ. Иә, “құдайсыздардың сотталып, жойылатын күні” жақын (Петірдің 2-хаты 3:5—7). Енді қайтып ешкім қатыгез адамдардан жәбір көрмейді. Құдайдың жердегі жағдайға араласып, зорлық-зомбылыққа біржола тоқтау салатынына неге сенімді бола аламыз?

Киелі кітапта Құдайдың “жауыздықты сүйетіндерді жек көретіні” жазылған (Зәбүр 11:5). Жаратушы Құдайымыз бейбітшілік пен әділдікті сүйеді (Зәбүр 33:5; 37:28). Сол себепті ол зұлым адамдарға мәңгі шыдап отыра бермейді.

Иә, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман жақын қалды (Зәбүр 37:11; 72:14). Зұлымдықтан ада сол дүниеде өмір сүруге лайық болу үшін не талап етілетінін білгіңіз келе ме?