ҒАСЫРЛАР ҮНІ
Игнац Земмельвейс
ИГНАЦ ЗЕММЕЛЬВЕЙС деген есім соншалықты әйгілі болмаса да, сіңірген еңбегі бүгінгі отбасылардың көбісіне пайдасын тигізіп жатыр. Венгрияның Буда (қазір Будапешт) қаласында туған ол 1844 жылы Вена университетінің медицина факультетін оқып бітірді. 1846 жылы ол Вена қаласының ортақ ауруханасындағы перзентханаға профессордың көмекшісі болып жұмысқа тұрды. Ол жерде Земмельвейс төбе шашты тік тұрғызатын жағдайға куә болды: жүкті әйелдердің 13 пайызынан көбі босанудан кейінгі сепсис ауруынан қайтыс болып жатты.
Бұл індеттің себебіне қатысты түрлі болжамдар айтылып жатты, бірақ олардың ешқайсысы осы бір құпия дертті тұсаулай алмады. Мамандар өлім санын азайтуға қанша тырысса да, бұлары еш нәтиже әкелмеді. Нәзік жандардың азапты өліміне жайдан-жай қарап тұра алмаған Земмельвейс аурудың себебін тауып, оның алдын алуға бел байлады.
Земмельвейс жұмыс істеген ауруханада екі бөлек перзентхана болды. Бір назар аударарлық жайт, бірінші перзентханадағы қайтыс болған аналардың саны екіншісіне қарағанда әлдеқайда көп болып шықты. Екі перзентхананың арасында бір ғана айырмашылық бар еді: біріншісінде медицина студенттері, ал екіншісінде босандырушы әйелдер үйретілді. “Өлім саны екеуінде неге екі түрлі?” деп дал болған Земмельвейс ауруды тудыруы мүмкін себептерді бірте-бірте азайтып отырды, бірақ бұл айтарлықтай нәтиже әкелмеді.
1847 жылдың басында Земмельвейс мәселенің түйінін тапты. Бұған әріптесі әрі досы Якуб Колетчканың дүниеден өтуі себеп болды. Колетчка мәйітпен тәжірибе жасау барысында жарақат алып, қаны уланғаннан өліп кетті. Земмельвейс Колетчканың мәйітін ашумен байланысты есепті оқып отырып, көзі ашылғандай болды: сондағы зерттеу нәтижелерінің кей тұстары босанудан кейінгі сепсис ауруынан қайтыс болған әйелдердікімен бірдей болып шықты. Өлікте уыт бар деп пайымдаған Земмельвейс сол уыттың жүкті әйелдерге
жұғып, сепсис ауруына себеп болып жүрген болар деген ойға келді. Қарап тұрсақ, жиі мәйітпен тәжірибе жасағаннан кейін перзентханаға барып жұмыс істеген дәрігерлер мен медицина студенттері жүкті әйелдерді тексеру я босандыру кезінде ауруды өздері аңдамай таратып жүрген болып шықты! Ал екінші перзентханада босандыруды үйреніп жүрген студенттер мәйітпен мүлдем жұмыс істемегендіктен, өлім-жітім де сәйкесінше аз болған.Земмельвейс еш кідірместен қол жууға қатысты қатаң ереже енгізді. Бұған жүкті әйелді тексермес бұрын, хлорлы әкке қолды жуып зарарсыздандыру кіретін. Бұл таңдай қақтырарлық нәтиже әкелді: сәуір айында 18,27 пайызды құраған өлім саны жылдың соңында 0,19 пайызға дейін азайды.
“Менің қағидаларым перзентханаларды үрей тудыратын жаман атынан арылтуды, күйеулерге әйелдерін, ал сәбилерге аналарын аман қайтаруды көздейді” (Игнац Земмельвейс).
Земмельвейстің ашқан жаңалығын бәрі бірдей қуана қабыл алмады. Оның зерттеулері өзінен жоғары тұрған маманның сепсис ауруына қатысты теорияларын сынға салған еді. Земмельвейстің алған бетінен қайтпайтын мінезі бұл маманның қитығына тиген көрінеді. Ақырында Земмельвейс Венадағы қызметінен босатылып, Венгрияға оралуға мәжбүр болды. Мұнда ол Пешт қаласындағы Әулие Роха ауруханасындағы босандыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа тұрды. Оның әдістері босанудан кейінгі сепсистен қаза болған әйелдердің санын 1 пайызға дейін азайтуға көмектесті.
1861 жылы Земмельвейс “Босанудан кейінгі сепсис: себебі, концепциясы және оның алдын алу” деген атпен өмірлік еңбегін жинақтап, басып шығарды. Бір өкініштісі — оның тапқан жаңалықтары бірнеше жылдан кейін ғана мойындалды. Сол арада сансыз көп әйел бекерге өліп кетті.
Ақырында Земмельвейс заманауи антисептика шараларына бастау берген ұлы тұлғалардың бірі ретінде танылды. Оның еңбегі көзге көрінбейтін ұсақ ағзалардың ауру тудыруы мүмкін екенін анықтауға көмектесті. Осылайша Земмельвейс ауру тудыратын микроағзалар теориясының тарихында өшпес із қалдырды. Бұл “медицина ғылымы мен тәжірибесіне зор үлес қосқан жалғыз теория” деп аталды. Бір қызығы, Киелі кітаптың құрамына енген Мұса Заңында мәйітке қатысты тиімді ережелер осыдан 3000 жыл бұрын беріліп қойған еді.