Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Неліктен дүниеде қайғы-қасірет сонша көп?

Неліктен дүниеде қайғы-қасірет сонша көп?

Неліктен қайғы-қасірет сонша көп? Адамдар қанша тырысқанмен неліктен оны жоя алмады? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін бізге қайғы-қасіреттің орын алуының шын себептерін білу қажет. Бұл әртүрлі әрі көп нәрсені қамтитын себептер болғанымен, қуанышқа орай, біз мұны Құдай Сөзі Киелі кітаптан біле аламыз. Осы мақалада біз қайғы-қасірет неге сонша көп екенінің негізгі бес себебін қарастыратын боламыз. Сізді Киелі кітапта жазылғандарға ден қойып, қайғы-қасіреттің шынайы себептерін тереңірек түсінуге шақырамыз (Тімөтеге 2-хат 3:16).

БҰРЫС БИЛІК ЕТУДІҢ САЛДАРЫ

Киелі кітапта: “Зұлымдар билік құрса халық аһ ұрар”,— делінген (Нақыл сөздер 29:2).

Тарих бойы көп басшылар қатыгездікпен билік етіп, қол астындағыларды адам айтқысыз қасіретке душар етті. Әрине, басшылардың барлығы туралы бұлай дей алмаймыз. Олардың кейбірі игі ниетпен халыққа көмектескісі келетін шығар. Алайда билікке қол жеткіздім дегенде, билік үшін күрес пен ішкі талас-тартыстың кесірінен бұл игі ниеттерін жүзеге асыра алмай жатады. Басқалары болса биліктерін өз пайдасына қарай қолданып, халыққа зиян тигізуі мүмкін. Бұрын АҚШ-тың бас хатшысы болған Генри Киссинджер былай деген: “Тарих дегеніміз — мақсатына жетпеген күрестер мен орындалмаған армандарды баяндайтын әңгіме”.

Сондай-ақ Киелі кітапта: “Адамның өз жүретін жолын өздігінен бағыттауына болмайды”,— делінген (Еремия 10:23). Кемелсіз адамдарға даналық пен көрегендік жетіспейтіндіктен, істерінің барлығы табысты бола бермейді. Егер адам өз қадамына бағыт бере алмаса, бүкіл халыққа қалай бағыт бере алады? Олай болса, адами билеушілердің қайғы-қасіретті неліктен жоя алмайтыны түсінікті-ақ. Иә, көп жағдайда қайғы-қасіреттің орын алуы бұрыс билік етудің салдарынан болып жатады.

ЖАЛҒАН ДІННІҢ ӘСЕРІ

Иса пайғамбар: “Менің шәкіртім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35).

Әрбір діни ағымның жетекшілері сүйіспеншілік пен бірлікті уағыздайды. Бірақ, шындығына келгенде, олар ізбасарларына алалаушылықтан арылуға көмектесетін терең сүйіспеншілікті дамытуға көмектесе алмай жатыр. Қайта, жиі дін халықтар мен ұлттардың арасында алауыздықтың, төзбеушіліктің және ұрыс-керістің болуына ықпал етеді. Ханс Кюнг есімді теолог өз кітабын келесідей сөздермен тамамдаған екен: “Ең шектен шыққан, ең қатыгез саяси қақтығыстар діннің ықпал етуімен, түрткі болуымен әрі мақұлдауымен болып жатады” (“Christianity and the World Religions”).

 Сонымен қатар көп дін қызметшілері некеге дейінгі не некеден тыс жыныстық қатынасты және гомосексуализмді ашық қолдайды. Ал бұл аурулардың таралуына, қалаусыз жүкті болуға, түсік жасатуға, отбасылардың ойран болуына әкеп соқтырады, ал бұл көп қайғыға душар етеді.

КЕМЕЛСІЗДІК ПЕН ӨЗІМШІЛ ҚАЛАУЛАР

“Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады. Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады” (Жақып 1:14, 15).

Барлығымыз да кемелсіздікті мұра еткендіктен, қателіктер жасауға бейімбіз және “тәніміздің... қалауларымен” күресуіміз керек (Ефестіктерге 2:3). Алайда бұрыс қалауларымызды іске асырудың мүмкіндігі туғанда, олардан бас тарту біз үшін әсіресе қиын. Ал егер бұрыс қалауларға бой алдырсақ, мұның салдары қайғылы болуы мүмкін.

Фироз Мейта есімді жазушы өз кітабында былай деген: “Көп қайғы-қасірет құмарлықтардың жетегінде жүргеніміздің және нәпсіқұмар, ләззат-ермекке тойымсыз, ашкөз әрі атаққұмар болғанымыздың кесірінен болуда”. Құмарлықтар мен жаман әдеттердің кез келген түрі — ішімдік ішу, есірткі қабылдау, құмар ойындар ойнау не жыныстық қатынасқа бару болсын — көптеген сыйлы азаматтарды жақсаттан айырып, олардың отбасыларына, достарына және басқаларға зардабын тигізуде. Иә, адамдардың кемелсіздігін ескере отырып, Киелі кітапта жазылған келесі сөздермен келісетініміз анық: “Қазірге дейін бүкіл жаратылыс ыңырсып, қатты қиналып жатқанын білеміз” (Римдіктерге 8:22).

ЗҰЛЫМ РУХТАРДЫҢ ӘСЕРІ

Киелі кітапта Шайтанның “осы дүниенің құдайы” екені және жын-перілер деп аталатын зұлым рухтармен біріккені туралы жазылған (Қорынттықтарға 2-хат 4:4; Аян 12:9).

Шайтан да, жын-перілер де адамдарды уыстарында ұстап, адастыру үшін белсенді түрде әрекет етуде. Елші Пауыл осыны мойындап, былай деген: “Біз адам баласына қарсы емес, үкіметтерге, билеушілерге және түнектегі осы дүниені билеп-төстеп отырған әкімдерге қарсы, яғни көктегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге 6:12).

Жын-перілер адамдарды қинағаннан рақат алғанымен, бұл олардың басты мақсаты емес. Олар адамдарды Хақ Тағала Ехобадан аластатуды көздейді (Забур 82:19). Астрология, сиқырлық, магиямен айналысу және бал ашу сияқты істер жын-перілердің адамдарды алдап, уысында ұстау үшін қолданатын кейбір тәсілдері ғана. Сол себепті Ехоба бізге осындай қауіп-қатерлер туралы ескертеді және Шайтан мен жын-перілерге қарсы тұратындардың барлығын қорғағысы келеді (Жақып 4:7).

БІЗ “СОҢҒЫ КҮНДЕРІ” ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ

Шамамен екі мың жыл бұрын Киелі кітапта алдын ала былай деп айтылған: “Соңғы күндері ерекше қиын уақыт болады”.

Сондай-ақ соңғы күндерді не нәрсе ерекше қиын ететіні жайлы былай делінген: “Адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар,.. бауырмалдықтан жұрдай, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, бұзақы, жақсылықты жек көретін, сатқын, қиқар, өркөкірек, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті жақсы көретін болады”. Шынында да, “соңғы күндері” өмір жатқанымыз бүгіндегі барлық қайғы-қасіреттің негізгі себебі болып табылады (Тімөтеге 2-хат 3:1—4).

Жоғарыда келтірілген себептерді қарастыра келе, игі ниеттері болса да, неліктен адамдардың қайғы-қасіретті жоя алмайтыны түсінікті. Ендеше көмекті қайдан күте аламыз? Бізге Ібілістің және оған ергендердің “істерін талқандауды” уәде ететін Жаратушымызға үміт арту керек (Жоханның 1-хаты 3:8). Келесі мақалада қайғы-қасіреттің барлық себептерін жою үшін Құдайдың не істейтінін қарастырамыз.