Өмірден өткен ата-бабаларымыз үшін қандай үміт бар?
БІРАЗ уақыт бұрын, Кореяның “Чосун Илбо” деген газетінде “Иса жайлы ештеңе білмегені үшін керемет қыз Шим Чон тозаққа кетті ме?” деген қызықты тақырыппен бір мақала жарық көрді.
Мақаланың тақырыбы халықты біраз дүрліктірді. Өйткені Шим Чон Кореяның халық ертегісіндегі көпшіліктің сүйікті кейіпкері болған. Ол көзі көрмейтін әкесіне көмектесу үшін өз өмірін құрбан еткендіктен, құрмет пен мадаққа бөленген. Негізінде, Шим Чон адал қыздың керемет үлгісіне айналған еді.
Мәсіхші ретінде шомылдыру рәсімінен өтпегеніне бола мұндай адамның тозақта азап шегуі мүмкін деген ойдың өзі көпшілік үшін әділетсіз болып көрінді, тіпті наразылық тудырды. Өйткені ертегідегі бұл оқиға шынымен орын алған күнде де, ол Мәсіх жайлы хабар қыздың ауылына әлі жетпеген кезде болар еді.
Газеттегі мақалада дін қызметшісінен алынған сұхбат та болды. Тілші оған: “Иса жайлы білуге мүмкіндігі болмай қайтыс болып кеткендер тозаққа бара ма?”— деген сұрақ қойды. Сонда ол: “Бұл жайлы нақты ештеңе айта алмаймыз. Біз тек Құдайдың мұндай адамдарға жасаған арнайы бір шарасы болу керек деп тұжырымдаймыз”,— деп жауап берді.
ҚҰТҚАРЫЛУ ҮШІН ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАП
“Жаңа католик энциклопедиясында” былай делінген: “Шомылдыру рәсімінен өту құтқарылу үшін қойылатын талап болып табылады. Өйткені Мәсіхтің өзі кімде-кім судан және киелі рухтан қайта туылмаса, Құдай Патшалығына кіре алмайтынын айтқан (Жх 3:5)”. Кейбіреулер осы сөздерді негізге алып, шомылдыру рәсімінен өтпеген адамдар қайтыс болған соң тозаққа лақтырылады не басқа да бір жолмен азапталады деп ойлайды.
Алайда мұндай ойды қисынсыз деп санайтындар да аз емес. Өйткені миллиондаған адам Киелі кітап жайлы ештеңе білмей өмірден өткен. Мұндай адамдардың мәңгілік бойы тозақта азап шегуі әділдікке жата ма? Киелі кітапта бұған қатысты не делінген?
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ҮМІТ БЕРЕТІН УӘДЕ
Киелі кітапта Құдай өзінің талаптарын білмей қайтыс болып кеткен адамдарды жазаламайтыны туралы нақты жазылған. Елшілердің істері 17:30-да: “Бір кездері Құдай адамдардың осылай білместік жасағанына назар аудармаған”,— делінген. Олай болса, Құдай туралы білім алуға мүмкіндігі болмай дүние салған адамдар үшін қандай үміт бар? Бұл сұраққа Киелі кітап қалай жауап береді?
Бұл сұрақтың жауабын Исаның өлімге кесілген қылмыскерге айтқан сөзінен табуға болады. Қылмыскер Исаға: “Патша болғаныңда мені есіңе ала көр”,— деп айтқан болатын. Сонда Иса оған: “Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың”,— деп жауап берген еді (Лұқа 23:39—43).
Бұл сөздерімен Иса қылмыскерге көкке барасың деп уәде етті ме? Жоқ. Өйткені ол судан және киелі рухтан “қайта туылмаған” еді, ал бұл Патшалыққа кіру үшін қойылатын талап болатын (Жохан 3:3—6). Иса қылмыскерге жұмақта өмір сүретінін уәде еткен. Қылмыскер яһуди болғандықтан, Киелі кітаптың алғашқы кітабында жазылған жұмақ жайлы, яғни Едем бағы жайлы, білген болса керек (Жаратылыс 2:8). Сондықтан Исаның уәдесі оған жер бетінде орнайтын жұмақта қайта тірілетініне сенімділік берді.
Негізінде, Киелі кітапта “әділдердің де, әділетсіздердің де қайта тірілтетіні” айтылған (Елшілердің істері 24:15). Мұндағы “әділетсіздер” деп аталғандар Құдайдың еркін білмегендіктен, оның әділ талаптарына сай өмір сүрмеген адамдарды білдіреді. Иса осындай әділетсіздердің қатарына кірген әлгі қылмыскерді, сондай-ақ шындық жайлы еш хабары болмаған миллиондаған не миллиардтаған адамды тірілтетін болады. Сол кезде олар жерде болатын жұмақта Құдайдың талаптарын үйренеді және оларды орындау арқылы Құдайды жақсы көретіндерін көрсетуге мүмкіндіктері болады.
ӘДІЛЕТСІЗДЕР ҚАЙТА ТІРІЛЕТІН КЕЗ
Әділетсіздер қайта тірілген соң бұрынғы істері үшін соттала ма? Жоқ. Өйткені Римдіктерге 6:7-де: “Өлген адам күнәсінан арылады”,— делінген. Демек, әділетсіздер қайтыс болғанда өздерінің күнәларын өтейді. Сондықтан олар қайтыс болғанға дейінгі емес, қайта тірілгеннен кейінгі істері үшін сотталады. Алайда олар не істеу керек?
Қайта тірілген әділетсіздер бейнелі шиыршықтар ашылған кезде айқын болатын Құдайдың заңдарын білетін болады. Содан кейін олар “істеріне қарай”, яғни Құдай заңдарын орындаған-орындамағандарына қарай сотталады (Аян 20:12, 13). Заңға мойынсұну әділетсіздердің көбісі үшін Құдайдың еркін біліп, оны орындау арқылы мәңгі өмірге ие болудың алғашқы мүмкіндігі болмақ.
Киелі кітаптағы қайта тірілуге қатысты ілім көп адамның Құдайға деген сенімін нығайтты. Мысалы, Йон Сук католик шіркеуінің мүшесі болатын. Оның отбасы мүшелері діни қызметкерлер еді. Монах болғысы келген Йон Сук көп ұзамай монастырьге барады. Алайда сол жерде болып жатқан нәрселерді көрген ол, монастырьден қатты көңілі қалып, кетіп қалады. Бұған қоса, Йон Сук тозақ отына қатысты ілімді бұрыс деп санайтын. Өйткені ол адамдардың тозақта азапталуы нағыз әділетсіздік пен қатыгездік деп есептейтін.
Кейінірек бір Ехоба куәгері Йон Сукке Киелі кітаптан келесі сөздерді оқып береді: “Тірілер өлерін біледі ғой, ал өлгендер ештеңе білмейді екен. Олар енді қайтып еңбектерінің сыйын көрмейді” (Уағыздаушы 9:5). Бұл Куәгер Йон Сукке оның ата-бабаларының тозақта азапталып жатпағанын, керісінше олардың өлім ұйқысында екенін және қайта тірілетін күндерін күтіп жатқанын түсінуге көмектеседі.
Киелі кітаптағы бұл шындықты естімеген адамдардың әлі де көп екенін білген Йон Сук Исаның Матай 24:14-те жазылған сөздері жайлы ойланады. Ол жерде: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық ұлттарға куәлік етілу үшін, бүкіл жер бетінде уағыздалады. Сонда осы заманның соңы келеді”,— делінген болатын. Қазір ол ізгі хабарды жариялау ісіне атсалысып, Киелі кітаптан білген керемет үміті жайлы басқалармен бөлісіп жүр.
“ҚҰДАЙ ЕШКІМДІ АЛАЛАМАЙДЫ”
Киелі кітапта: “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады”,— деп жазылған (Елшілердің істері 10:34, 35). Барлығымыз да “әділет пен әділдікті қалайтын” Құдай осылай әрекет етеді деп күткеніміз орынды емес пе?! (Забур 32:5).