Римдіктерге 2:1—29
2 Сондықтан біреуге үкім айтар болсаң, ей, адам, кім болсаң да+, еш ақтала алмайсың. Өйткені өзгеге үкім айтып тұрып, өзіңе үкім айтасың. Себебі оны айыптай тұра, өзің де дәл сол сияқты істер жасайсың ғой+.
2 Ал біз мұндай істермен айналысатындарды Құдайдың шындыққа сай соттайтынын білеміз.
3 Ей, адам, өзің де істейтін істер үшін өзгені айыптай отырып, қалайша Құдайдың сотынан қашып құтыламын деп ойлайсың?
4 Әлде Құдайдың мейірім көрсетуімен сені күнәларыңа өкіндіргісі келетінін+ ұқпай, оның мол мейірімділігін+, зор төзімділігі+ мен асқан шыдамдылығын+ менсінбейсің бе?
5 Бірақ сен қасарысып, күнәларыңа өкінгің келмей, Құдайдың қаһарын қайнатып жатырсың. Ол әділ сот жүргізетін күні қаһарын төгеді+.
6 Сонда ол әркімге ісіне қарай қарымтасын қайтарады+:
7 жақсылық жасаудан талмай, даңққа, құрмет пен шірімес денеге+ ие болуға тырысып жүргендерге мәңгілік өмір сыйлайды,
8 ал дауқұмарларға және шындыққа емес, әділетсіздікке мойынсұнатындарға қаһары мен кәрін төгеді+.
9 Жамандық жасайтын әркім, алдымен яһуди, сосын грек, қиындық пен азап көреді.
10 Ал жақсылық жасайтын әркім, алдымен яһуди+, сосын грек+, тыныштыққа, даңқ пен құрметке бөленеді.
11 Өйткені Құдай ешкімді алаламайды+.
12 Құдай заңын білмей күнә жасағандардың бәрі заңды білмей өледі+, ал оны біліп күнә жасағандардың бәрі заң бойынша сотталады+.
13 Өйткені заңды естігендер емес, оны орындайтындар Құдай алдында әділ деп жарияланады+.
14 Басқа ұлт адамдары Құдай заңын білмесе де+, тумысынан оның талаптарын орындағанда, сол заңсыз-ақ жақсы мен жаманды айыра алатындарын көрсетеді.
15 Осылайша заңның талаптары жүректерінде жазулы екенін паш етеді. Олардың ар-ұждандары өздерімен бірге куәлік етеді, әрі ойша олар өздерін айыптайды не ақтайды.
16 Осы айтып отырғандарым өзім жариялап жүрген ізгі хабарға сай, Құдайдың Мәсіх Иса арқылы адамдарды жасырын істері үшін соттайтын күні жүзеге асады+.
17 Егер яһуди аталып жүрген+ сен заңға арқа сүйесең, Құдаймен қарым-қатынасыңа мақтансаң,
18 оның еркін білсең, Заңнан тәлім алғандықтан+ жоғары бағаланатын нәрселерді айыра білсең,
19 соқырларға жетекші, түнектегілерге жарық,
20 ақылсыздарға тәрбиеші, бала сияқты адамдарға ұстаз екеніңе, Заңдағы Құдай туралы негізгі білім мен шындықты түсінетініңе сенімді болсаң,
21 онда қалайша өзгені үйрете тұра, өзіңді үйретпейсің+? “Ұрлама”+ деп уағыздай тұра, неге өзің ұрлайсың?
22 “Неке адалдығын бұзба”+ дей тұра, неге өзің неке адалдығын бұзасың? Пұттардан жирене тұра, неге ғибадатханаларды тонайсың?
23 Заңымыз бар деп мақтанасың, бірақ неге сол Заңды бұзып, Құдайды қорлайсың?
24 Өйткені, Киелі жазбада айтылғандай, “сендерге бола басқа ұлттар арасында Құдай есімі қорлануда”+.
25 Заңды орындап жүрсең ғана, сүндеттелгеніңнің+ пайдасы болады+. Ал заңды орындамасаң, сүндеттелгеніңнен еш пайда жоқ.
26 Сондықтан сүндеттелмеген адам+ Заңның әділ талаптарын орындап жүрсе, сүндеттелмесе де, сүндеттелген болып есептеледі, солай емес пе+?
27 Осылайша сүндеттелмеген адам Заңды орындауымен сені — жазбаша Заңы бар әрі сүндеттелген бола тұра, заңды орындамайтын яһудиді — соттайды.
28 Өйткені сыртынан яһуди көрінген адам — нағыз яһуди емес+. Сол сияқты, тәнде жасалған сүндет те шынайы сүндет емес+.
29 Қайта, нағыз яһуди — жан дүниесінде яһуди болған адам+. Сол сияқты, шынайы сүндет — жазбаша заң арқылы емес+, рух арқылы жүрекке жасалған сүндет+. Мұндай кісі адамдардың емес, Құдайдың мақтауына ие болады+.