Салоникалықтарға 1-хат 2:1—20

  • Пауылдың Салоникадағы қызметі (1—12)

  • Салоникалықтар Құдай сөзін қабылдады (13—16)

  • Пауылдың салоникалықтарды көруді аңсауы (17—20)

2  Бауырластар, сендерге барғанымыздың нәтижесіз болмағаны өздеріңе аян+.  Алдымен Філіпіде азап шегіп, қорлық көрдік, мұны өздерің де білесіңдер+. Сөйтсе де қатты қарсылық көргенімізге қарамай*, сендерге ізгі хабарды айту үшін Құдайдың арқасында батылдыққа ие болдық+.  Біз насихатымызды өзіміз адасып жүргендіктен не арам пиғылмен айтып жатқан жоқпыз, сендерді алдаудан да аулақпыз.  Құдай бізді тексеріп, ізгі хабарды уағыздауға лайық деп тапты. Сондықтан оны адамдарға емес, жүрегімізді сынайтын Құдайға+ ұнамды болу үшін айтып жүрміз.  Шынында да, өздерің білетіндей, біз ешқашан сендерге жағымпазданып сөйлеген емеспіз. Пайда көруді де көксеген емеспіз+, бұған Құдай куә!  Мәсіхтің елшілері ретінде көп шығынға ұшыратып, сендерге ауыртпалық салуымызға болар еді, бірақ біз адамдардан — не сендерден, не өзгелерден — атақ-даңқ іздеп жүрген жоқпыз+.  Керісінше, сендерді баласын емізіп, мәпелеген анадай аяладық.  Өздеріңе аяулы сезіміміз болғандықтан, Құдайдың ізгі хабарын жеткізіп қана қоймай, жанымызды беруге дайын болдық+, өйткені өздеріңді жақсы көріп кеттік+.  Бауырластар, біздің ауыр еңбегіміз бен бейнетіміз естеріңде ғой. Көп шығынға ұшыратып, ешқайсысыңа ауыртпалық салмау үшін күні-түні жұмыс істей жүріп+, сендерге Құдайдың ізгі хабарын уағыздадық. 10  Сендердің, сенушілердің, алдарыңда біз адал да әділ, мінсіз болып жүргенімізге өздерің де, Құдай да куә. 11  Әкесі+ баласына насихат айтып, жұбатып, ақыл-кеңес беріп отыратынындай, біз де әрқайсысыңа үнемі солай еткенімізді жақсы білесіңдер+. 12  Мұны өзінің Патшалығына+ және ұлылығына+ ортақтасуға шақырып отырған Құдайдың алдында оған ұнайтындай жүріп-тұруларың үшін істедік+. 13  Сондай-ақ бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдай сөзі ретінде — шынымен де бұл солай — қабылдағандарың үшін үнемі Құдайға алғыс айтамыз+. Ол сендерге, сенушілерге, әсер етіп те жатыр. 14  Өйткені, бауырластар, сендер Мәсіх Исамен бірлікте тұрған Яһудеядағы қауымдарға ұқсадыңдар. Олардың елдестерінің қолынан жапа шегіп жатқанындай, сендер де өз жерлестеріңнің қолынан жапа шектіңдер+. 15  Яһудилер тіпті Иеміз Исаны және пайғамбарларды өлтірген+, олар бізді де қудалады+. Олар Құдайға ұнамсыз, әрі бүкіл адамзатқа қастық жасап жүр. 16  Себебі яһудилер басқа ұлт адамдары аман қалу үшін оларға уағыздауымызға кедергі жасауға тырысып+, күнәларына күнә қосуда. Бірақ, ақырында, оның оларға қаһарын төгетін уақыты келді+. 17  Ал біз, бауырластар, аз уақытқа сендерден ажырап қалып, өздеріңді көре алмасақ та, әрдайым есімізде ұстадық. Жүздеріңді көруді қатты қалағандықтан, өздеріңе бару үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. 18  Сол себепті біз — дәлірек айтқанда, мен, Пауыл — сендерге екі рет барғымыз келді, бірақ Шайтан жолымызды кес-кестеді. 19  Өйткені Иеміз Иса осында болатын кезде* оның алдында біздің үмітіміз, қуанышымыз бен мақтаныш тәжіміз сендер болмағанда, кім болмақ+? 20  Иә, мақтанышымыз бен қуанышымыз өздеріңсіңдер.

Сілтемелер

Мүмкін: “көп азап көргенімізге қарамай”.
Түсіндірмедегі “Исаның осында болуын” қараңыз.