Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-БӨЛІМ

Бала сүю бақыты

Бала сүю бақыты

“Балалар — Ехобаның берген мұрасы” ​(Зәбүр 127:3).

Нәрестенің дүниеге шыр етіп келуі — ерлі-зайыптылардың өміріндегі қызығы мен шыжығы қатар жүретін ерекше кез. Ата-ана атанған сіздер перзенттеріңізді бағып-қағуға көп уақыт пен күш кететінін көріп, таңғалып жатқан боларсыздар. Түн ұйқысының төрт бөлінуі, сезімдердің құбылуы сияқты жайттар ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін. Тіккен отаудың іргесінің сөгілуіне жол бермеу үшін әрі баланы бағып-қағу үшін жұбайларға біраз өзгерістер жасау керек болады. Осы ретте Киелі кітаптағы ақыл-кеңестер қалай көмектеседі?

1. ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ТҮСІНІКПЕН ҚАРАҢЫЗ

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді... өзімшіл де, ашушаң да емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). Ана болған соң, сіздің бар көңіліңіз балада болары анық. Алайда сондай кездері күйеуіңіз өзін шет қалғандай сезінуі мүмкін. Ол да сіздің көңіліңізге мұқтаж екенін естен шығармаңыз. Шыдамдылық пен мейірімділік таныта отырып, күйеуіңіздің өзін керекті сезінуіне әрі бала бағуда өз үлесін қосуына көмектесе аласыз.

Киелі кітапта: “Күйеулер, әйелдеріңе алған білімдеріңе сай қарап, бірге өмір кеше беріңдер”,— делінген (Петірдің 1-хаты 3:7). Сіздің әйеліңіз көп күш-қуатын балаға жұмсайды. Сондықтан бұған түсінікпен қараңыз. Оның мойнына жаңа міндеттер жүктелгендіктен, жүйкесі жұқарып, шаршап-шалдығуы, тіпті жан күйзелісіне ұшырауы мүмкін. Кей кездері тіпті сізге де ызасы келер. Алайда сабыр сақтауға тырысыңыз, өйткені Құдай Сөзінде: “Білектіден гөрі ашуға баяу жан артық”,— делінген (Нақыл сөздер 16:32). Байқампаз болып, қажет кезде әйеліңізге қолдау көрсетіңіз (Нақыл сөздер 14:29).

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС

  • Әкелерге: Балаға әсіресе түнгі уақытта қарауға көмектесіңіз. Әйеліңіз бен балаңызға көбірек көңіл бөлу үшін басқа істерге кететін уақытты қысқартыңыз.

  • Аналарға: Күйеуіңіз балаға қарасқысы келсе, көмегін қабыл алыңыз. Сіз ойлағандай көмектесе алмаса да, оны сынап-мінемей, қалай істеу керектігін мейіріммен көрсетіңіз.

2. ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫҢЫЗДЫ НЫҒАЙТЫҢЫЗДАР

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Онда ерлі-зайыптылардың “біртұтас” екені жазылған (Мұсаның 1-жазбасы 2:24). Сондықтан отбасында бала дүниеге келсе де, жұбайыңыз екеуіңіз біртұтас болып қала беретініңізді ұмытпағайсыз. Қарым-қатынастарыңызды нығайту үшін барынша күш салыңыздар.

Әйелдер, күйеулеріңіздің көрсетіп жатқан көмегі мен қолдауын жоғары бағалаңыздар. Сіздердің алғыс сөздеріңіз олардың мерейін өсіреді (Нақыл сөздер 12:18). Күйеулер, әйелдеріңізді қаншалықты сүйетіндеріңізді және бағалайтындарыңызды айтудан жалықпаңыздар. Отбасының ұйытқысы болып отырғаны үшін оларды мақтаңыздар (Нақыл сөздер 31:10, 28).

Киелі кітапта “әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын” деген сөздер бар (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Әрдайым жұбайыңыздың жағдайын жасауға тырысыңыз. Сөйлесуге, мақтау сөздер айтуға, бір-біріңізді тыңдауға уақыт бөліңіздер. Жыныстық қарым-қатынаста да тек өз басыңызды ғана ойламаңыз. Жұбайыңыздың да тілек-қалауын есепке алыңыз. Құдай Сөзінде: “Өзара келісіп алған уақыттан басқа кездерде бір-біріңнен бас тартпаңдар”,— деп жазылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:3—5). Бұл мәселе жайлы ашық сөйлесіңіздер. Шыдамдылық пен түсінушілік қасиеттері қарым-қатынастарыңызды нығайта түспек.

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС

  • Жұбайыңызбен оңаша отырып әңгімелесу үшін уақыт табыңыз.

  • Жарыңызды сүйетініңізді білдірудің жолдарын жасаңыз. Мысалы, СМС-хабарлама жазыңыз, кішігірім сыйлық жасаңыз.

3. ТӘРБИЕ НЕГІЗІ ҚҰРСАҚТАН

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? Онда жастайынан Құдай жолында тәрбиеленген бір жас жігіт жайлы: “Киелі жазбалармен нәресте кезіңнен-ақ таныссың. Осы даналық... құтқарылуға жеткізеді”,— делінген (Тімөтеге 2-хат 3:15). Олай болса, нәрестеңізді қалай тәрбиелейтініңізді алдын ала ойластырып алыңыз. Бала тіпті құрсақта жатқан кезден-ақ үйренуге қабілетті болып келеді. Іште жатқанда, ол ата-анасының дауысын танып, эмоцияларын сезеді. Бөбегіңізге нәресте шағынан бастап оқып беріңіз. Не оқып жатқаныңызды сол сәтте түсінбесе де, бұл оған өскенде оқуды жақсы көруге көмектеседі.

Балама Құдай жайлы айту әлі тым ерте деп ойламаңыз. Ол сіздің Құдайға дұға ететініңізді көрсін (Мұсаның 5-жазбасы 11:19). Ал балаңызбен бірге ойнағанда, Құдайдың жаратылыстары туралы айтыңыз (Зәбүр 78:3, 4). Балаңыз өсе келе, сіздің Құдайға деген сүйіспеншілігіңізді көріп, өзі де Құдайды жақсы көруді үйренеді.

ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС

  • Балаңызды тәрбиелеу үшін Құдайдан әсіресе даналық сұраңыз.

  • Балаңызға осы бастан үйреткіңіз келетін сөздер мен ұғымдарды қайталап отырыңыз.