Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ИНДОНЕЗИЯ

Бастапқы уағыздау тәсілдері

Бастапқы уағыздау тәсілдері

Радио арқылы жариялау

БАУЫРЛАСТАР 1933 жылы Джакартадағы радиостансы арқылы жұртқа Рутерфорд бауырластың ағылшын тіліндегі баяндамаларын тыңдатты. Сондай-ақ шындыққа қызығушылық білдірген бір ер кісі нидерланд тіліндегі баяндамаларды радиохабарда оқыды. Бұл дүйім жұрттың қызығушылығын оятып, бауырластардың бұрынғыдан да көп әдебиет үлестіруіне септігін тигізді.

Радиостансыдан Рутерфорд бауырластың “Киелі жылдың тыныштық пен молшылыққа әсері” деген батырып айтқан баяндамасын естігенде, католик дінбасылары ашуға мінді *. Сыбайлас қолшоқпарлары арқылы олар аудиожазбаны әкелген Де Шумакер бауырласқа “жала жапты, келеке-мазақ етті, өштесті” деген айып тақты. Де Шумакер бауырлас бұларды жоққа шығаруға барынша тырысса да, одан 25 гульден * айыппұлды және сот шығындарын өтеу талап етілді. Үш беделді газетте осы сот ісі жайлы жарияланып, адамдарға одан да көп куәлік берілді.

“Жарықты жеткізуші”

Күзет мұнарасы қоғамының “Жарықты жеткізуші” деген 16 метрлік қос діңгекті желкенді кемесі Сиднейден шығып, 1935 жылы 15 шілдеде алты айлық уағыз сапарынан кейін Джакартаға тұмсық тіреді. Кемеден ізгі хабарды бүкіл Индонезияға, Сингапурға және Малайзияға жеткізуге бел буған жеті құлшынысты ізашар түсті.

“Жарықты жеткізуші” екі жылдан аса уақыт бойы Индонезияның үлкенді-кішілі кемежайларын аралап шықты, соның арқасында Киелі кітапқа негізделген өте көп әдебиет таратылды. Джин Дешан бауырлас бұл жайында былай деді: “Бір шағын кемежайға келген соң, кемедегі бауырластар фонографты қосып, Күзет мұнарасы қоғамының президенті Джозеф Рутерфордтың баяндамаларын қоятын. Оқшау жерде тұрып жатқан малайлық ауыл тұрғындары үлкен кеменің кемежайларына тоқтап, ауадан сондай зор дауыстың шығып жатқанын естігенде, ауыздары ашылып таңғалатын. Олар өзге бір планетадан келген ғарыш кемесін көргендей болатын”.

Бауырластардың батыл уағыздап жүргендеріне дінбасыларының зығырданы қайнады. Содан олардың арандатуымен билік иелері “Жарықты жеткізушінің” Индонезиядағы көптеген кемежайға тоқтауына тыйым салды. “Жарықты жеткізуші” 1937 жылдың желтоқсанында Австралияға қайта оралды. Бұл кеменің Индонезиядағы миссионерлік қызметке қосқан үлесі зор болды.

“Жарықты жеткізуші” кемесінің экипажы

^ 2-абзац Рутерфорд бауырластың баяндамасы Рим-католик шіркеуінің жалған ілімдерін және саясат пен сауда-саттыққа байланысты бұрыс әрекеттерін әшкерелеген болатын.

^ 2-абзац Шамамен 300 АҚШ доллары.